«Ауғанның от жалыны» тақырыбындағы тәрбие сабағы өтті
11 ақпан күні «Абай атындағы көпсалалы мектеп-гимназиясы» КММ-нің 8 «Ә» сыныбында «Ауғанның от жалыны» тақырыбындағы тәрбие сабағы өтті.
Оқушыларға “Ауған соғысы” – жайлы тереңірек түсінік беру, тарихи мағынасын ашу. Қазақтың қаһарман ұл-қыздарының ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, оқушыларды ұлтжандылыққа, отанын сүюге, ұлтаралық, мемлекет аралық татулыққа, достыққа тәрбиелеуді мақсат еткен сабақ кездесу кеші түрінде ұйымдастырылды.
Тақырыпқа сай бейнематериал көрсетіліп, ақпараттық презентация ұсынылып, ерлік, батырлық, отаншылдық туралы мақал-мәтелдер айтылып, ардегермен сүбелі сұхбат жасалған тәрбие сағаты өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Сабақ бағдарламасы «Ауғанстан соғысының тарихы», «Майданда туған отты жыр», «Жат жерде от кешкен ер», «Тапқыр болсаң тауып көр» сияқты бірнеше бөлімдер турасында өрбіді.
Кештің қадірлі қонағы – Ауған соғысының ардегері, мектебіміздің түлегі, бүгінде жаннәттық болып кетсе де, есімі ел есінде мәңгі сақталатын Қожабеков Кеңесхан Мінәшұлының (1962 – 1992) туған жеңгесі, қаһарман ұлымызды Ауған жерінен қолтықтап алып қайтып, өмірінің соңына дейін алақанында әлпештеген, екінші анасындай болған, талай жыл бойы мектебімізде абыройлы қызмет атқарған, бүгінде құрметті зейнткер болып отырған Қожабекова Жанат Ғалымқызы болды.
Қожабекова Жанат Ғалымқызы – тарих бетінен сызып алып тасталмайтындай өзіндік із қалдырған, біреудің жүрек жарар ұлын, біреудің арқа сүйер бауырын жұлып әкеткен сұм соғыс турасында мәліметтер бере отырып, Ауған соғысының ардегері Қожабеков Кеңесхан Мінәшұлының (1962 – 1992) өмір жолын, ерлік істерін баяндап берді. Аталған тәрбие сағатын мектебіміздің информатика пәні мұғалімі, 8 «Ә» сынып жетекшісі Ерболат Нурсауле өткізді