14
февраль
2023
Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу.
Ауған соғысы Кеңес Одағы кезіндегі қайғылы тарихи оқиғалардың бірі. Биыл ақпанның 15-і күні Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен толықтай шыққанына 34 жыл толмақ. Сұм соғыс жылдарында қарсы келген жаудан жасқанбаған интернационалист жауынгерлер бұл күнде ортамызда жүр.Осы орайда мектебімізде « Бейбіт өмір батырлары» атты кеші өтті.
Кештің мақсаты ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету, жат жерде көз жұмған жерлес азаматтарды еске алу және жастарға патриоттық тәрбие беру болып табылады. Кездесуге өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан интернационалист-жауынгерлер, атап айтқанда Траиспаев Нұрлан Шагибасұлы, Мапетов Құрманай Мұхамадиұлы,Мұқыжанов Марат Уанұлы қатысты. Шара ең алдымен ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтарды 1 минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Ардагерлеріміз өткен жылдардан естеліктер айтып, оқушылардың сұрағына жауап берді. Сондай-ақ, аға ұрпақтың ерлік, қызмет дәстүрлері хақында ой толғап, елімізге тыныштық, әлемге бейбітшілік тіледі.Шара барысында тарихи деректерден сыр шертер бейнефильм көрсетіліп, іс-шараға мектептің оқушылары да белсене қатысып, концерттік бағдарлама қойылып, бейбіт өмірдің бақытты ұландары ардагерлермен естелікке суретке түсті.



